Ауғанстанның полицейлері мен шекара қызметкерлері Қазақстанның аумағындағы тренинг орталықтарында оқитын болады. Сонымен қатар, еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде, аймақтағы тұрақтылықты жақтаушы мемлекет ретінде келешекте де Ауғанстан мәселесіне айырықша мән бермек. Кабулда өткен халықаралық конференцияға қатысқан ОБСЕ-нің іс басындағы төрағасы, мемлекеттік хатшы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осылай деді. Ауғанстан жөніндегі конференцияға әлемнің 70 елінің өкілі келді. Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мун, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Ауғанстан президенті Хамид Карзаймен және басқа да халықаралық қауымдастық өкілдерімен кездескен Қанат Саудабаев бірқатар мәселелер төңірегінде пікір алысты. Дәл осындай деңгейдегі ірі конференция Ауғанстанда 1974 жылдан бері ұйымдастырылмаған. Кабулдағы жиынға әлемнің 70 елінің өкілі келді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 13 мың полицей мен 3 мың әскери қызметкер жұмылдырылған. Дегенмен, Ауғанстан жөніндегі конференция басталмас бұрын қалада жарылыс болып, екі адам қаза тапты. Оған қоса, әуежай реактивті снарядтармен атқыланған. Мұның бәрі конференция жұмысына кедергі келтірген жоқ. Ауғанстан президенті Хамид Карзай ұлттық ымыра мен реинтеграция бағдарламасының басталғанын жариялады.
Хамид Карзай, Ауғанстан президенті:
- 2014 жылдан бастап елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауапкершілік пен ұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру міндетін Ауғанстан өз мойнына алады. Алдағы уақытта халықаралық қауымдастық тарапынан Ауғанстандағы бағдарламаларды қаржыландыруға бөлінген ақшаның жартысы ел бюджеті арқылы өтсе дұрыс болар еді.
Ауғанстандағы ахуалға әлемдік қауымдастық алаңдайды. Азиядағы ең кедей елдің бірі, соғыстан көз ашпаған, халқының 70 пайызы жұмыссыз жүрген, бюджетінің 90 пайызы донор мемлекеттердің есебінен қалыптасатын Ауғанстанды халықаралық ұйымдар тұрақты, гүлденген әрі демократиялы мемлекетке айналдыруды көздейді. Сондықтан да, ауғанның ұлттық стратегиясын жүзеге асыруға атсалысуға олар дайын. ОБСЕ-нің төрағасы ретінде Қазақстан бұл мәселені назарда ұстап келеді.
Қанат Саудабаев, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі:
- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сыртқы істер министрлерінің басқосуында, президент Нұрсұлтан Назарбаев «ОБСЕ-нің Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясы қажет» деді. Ауғанстандағы ахуалға деген Қазақстанның стратегиялық ұстанымы, биыл ұйым саммитін Астанада өткізу жөніндегі келісімге негіз болған мәселелердің бірі. Соңғы 11 жылда өткелі отырған жиында, бүкіл ОБСЕ-ге мүше елдердің мүдделеріне сәйкес келетін, жоғарғы деңгейде нақты шешімдер қабылданады деп санаймыз.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қолғабыс ретінде, ауған шекара қызметкерлері мен полицейлері Қазақстан аумағындағы тренинг орталықтарында оқитын болады. Қанат Саудабаевтың айтуынша, наркотрафикке және онымен бірге ілесе жүретін қауіп-қатерге қарсы тұру үшін, біріккен ұлттар ұйымының Орталық Азиядағы аймақтық үйлестіру орталығының мүмкіндіктерін барынша қолдану қажет.
Қанат Саудабаев, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі:
- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы төрағасы ретінде, Ауғанстан қауіп-қатерімен күресудің тәсілін өзгерту мәселесі маңызды екенін атап өткім келеді. Елді қарулы қақтығыстардан алып шығып, тұрақты дамудың жолына салу – ОБСЕ мен халықаралық коалиция қызметінің негізгі мақсаты.
Жиын барысында Қанат Саудабаев Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Аймақтық, халықаралық мәселелер бойынша тараптар пікір алысты.
Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:
- Қырғыз еліндегі жағдайды тұрақтандыру мәселесіне келгенде, Қазақстан шын мәнінде лидерлік танытып, өзіндік үлес қосты, сол үшін ризашылығымыз зор.
Ал, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен Қанат Саудабаев екеуара әңгіме барысында Астанада ОБСЕ саммитін өткізу мәселесін талқылады. Хиллари Клинтонның айтуынша, ұйымға мүше елдер басшыларының жиынын биыл Қазақстанда ұйымдастыру маңызды. Маңызды жиынға Ауғанстан президенті Хамид Карзай да міндетті түрде келетін мәлімдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауған жастарының Қазақстанда білім алу бағдарламасына бастамашы болғаны үшін алғысын білдірген ол, екі жақты қарым – қатынастың дами түсетіне сенім білдірді.
Дархан Әбдіуақит, тілші:
- Ауған еліне Қазақстан соңғы жылдары айтарлық көп көмек көрсетті. Ауруханалар мен мектеп салып, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу үшін 2,5 миллион долларға жуық қаржы бөлді. 2 мың тонна азық-түлік астығын да жіберді. Енді алдағы бес жылдың ішінде Ауғанстанның 1000 студенті Қазақстанда білім алады, ол үшін еліміз 50 миллион доллар қарастырып отыр. ОБСЕ төрағасы ретінде, аймақты тұрақтылықты жақтаушы ел ретінде Қазақстан келешекте Ауғанстан мәселесіне айрықша көңіл бөле бермек.