Бүгінде қайырымдылық қор көп. Бірақ олар қалай жұмыс істеуде? Қаражат өз иесіне жетіп жатыр ма? Осы сұраққа жауап беру үшін «Балаларға өмір сыйла» қайырымдылық қоры, атқарған жұмыстары жайлы деректі фильм түсіріп, бүгін оны көпшілік қауымға ұсынды. Фильмде тығырыққа тірелген ата-ана мен жәудіреген баланың бейнесі және олардың өмірін сақтап қалуға себеп болған дәрігерлердің сұхбаты беріледі. Бір жарым жылдың ішінде 241 балаға өмір сыйлаған қор, өз жұмысын одан әрі жалғастыра беретінін жеткізді. Екінші баласына аяғы ауыр Диана жүктілігінің 30-31 апталығында құрсағындағы нәрестенің денсаулығында 5 түрлі диагноз бойынша ауытқу бар екенін біледі. Отандық дәрігерлер, біздің елде мұндай операция тек бала бір жасқа толғанда ғана жасалатынын айтып, уақыт оздырмай шетелге бару керек, деп кеңес береді. Не істеу керек, қаржыны қайдан алмақ? Осылайша шарасыздыққа ұрынған жас отбасына «Балаларға өмір сыйла» қоғамдық қоры қол ұшын созады.
Диана Тұспаева, Нұрбектің анасы:
- Бір жетінің ішінде жиналдық та кетіп алдық, Томск қаласына бардық. Сол жерде 21-күні операция жасады бұған. Қорқынышты, оның үстіне бұл бала 3 апта реанимацияда жатты, дәрігерлер айтты, күтеміз деп, одан басқа ешнарсе қалмады дп. Сонымен 21 күн реанимацияда жаттық. Екі ай бойы емделдік, сонымен жақсы, міне.
Ал, өзінің 15-жылдық өмірінің 10 жылын ауруханада өткізген Арайлымның бір бүйрегі бала кезден жұмыс істемесе, бірі өз қызметін 30 пайызға ғана атқарған.
Арайлым Бортанова, 15-жасар қыз:
- 2006-да 22-сентябрде бүйрек салды маған. Бұйырса 4 жыл болады. Алғысым оған шексіз, өйткені операцияға кірейін деп жатқанда мен бірінші барамын деп секіргенім, қуанып, маған ол арман болды ғой, оны сөзбен жеткізе алмаймын да, алғысымды білдіремін.
Екі жағдайда да, шет елге барып операция жасауға «Балаға өмір сыйла» қайырымдылық қоры қол ұшын берген. Аталған қор, бір жарым жылдың ішінде 1 млн. АҚШ долларынан астам қаражат жинап, осындай 241 балаға өмір сыйлаған.
Диана Тұспаева, Нұрбектің анасы:
- Біз өзіміз ешнәрсе төлеген жоқпыз, операцияны толығымен фонд алды, тек өзіміздің жолымызға, тұруымызға өзіміз төледік. Болды.
Бүгінгі деректі фильмде осы жайттар көрсетіледі. Фильм режиссері Игорь Гонопольский болса, авторы Жанна Балакаева. Жылына қазақстандық жүздеген балаға операция жасап жүрген ресейлік дәрігер, қара домалақ балалардың жағдайы қиын,-дейді.
Александр Соколов, Томск қаласындағы Жүрек аурулары институты профессоры:
- Өкінішке қарай, Қазақстаннан келген балалардың аурулары асқынып кеткен. Соңғы кездері біз оларға операция жасаудан бас тарта бастадық, себебі бізге бес жасар баланы алып келеді. Ал оған, осыдан төрт жарым жыл бұрын, яғни бала бір жасқа толмай тұрғанда дұрыс диагноз қойылып, операция жасалу керек еді. Өкінішке қарай, уақыт өтіп кеткен.
Қайырымдылық қорға көмек сұрай келген балалардың дені жүрек ақауымен ауырады. Бүкіл ел болып, олардың көбіне көмектесе алыппыз, дегенмен қазіргі күннің өзінде 80-ге жуық балаға жыл соңына дейін операция қажет,-дейді «Балаға өмір сыйла» қайырымдылық қорының жетекшісі Аружан Саин.
Алуа Маханбет, тілші:
- Мұнда жиналған аналардың, балалардың бір кездері үміттері үзіліп, ертеңгі күнге деген сенімдері сейіле бастаған. Бірақ жақсы адамдардың арқасында үміт оты қайта жанып, олардың өмірдегі қиын белестері артта қалды. Бала да болса, өмір үшін күрескен нәрестелерге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.