Кеше сағат 22-ден 15 минут өткенде Ақшабұлақ мұнай кенішін электр энергиясымен қамтып тұрған электр желісі үзілді. Осыған байланысты кеніштегі екі газ өңдеу зауытының жұмысы тоқтап қалды.
Ал бұл зауыттардан көгілдір отын алып отырған Қызылорда қаласында күрделі жағдай туындады. Абырой болғанда дер кезінде жағдай бақылауға алынып, қаладағы екі жылу орталығы балама қуат көзіне қосылды Бірақ таңғы сағат 8-ден бастап жеке сектордағы 17 мың абоненттің 70 пайызы газ желісінен ажыратылды. «Хабар» арнасына хабарласқан тұрғындардың барлығы да таңертеңнен бері жылусыз қалғандарын айтып отыр. Қазір олар амалсыз электр пештерін қосуға мәжбүр. Мамандардың айтуынша, электр желісінің үзілуінен болған апатты жағдай таңғы сағат 06.00-да қалпына келтірілді. Түскі сағат 12.00-ге дейін Ақшабұлақтағы ұңғымалар мен екі газ өңдеу зауыты қайта іске қосылды. Дегенмен, Қызылорда қаласына дейінгі 120 шақырымдық құбыр арқылы ілеспе газдың жеткізілуі үшін біршама уақыт кетеді. Сондықтан «Шамамен кешкі уақытқа дейін газдан ажыратылған жеке сектордағы тұрғын үйлерге көгілдір отын беріле бастайды»,-дейді Қызылорда облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Арыстанов.
Мейрамкүл КҮДЕРБЕКОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Қосқанымызға екі жыл болды. Екі жылдан бері мұндай көргеніміз жоқ. Тек бүгін таңертең сөнді. Немерелерімізді жерде от жағып отырған ауылдарға жібердік. Балаларымызды. Өзіміз үйдеміз. Біз енді осы газға сеніп, бар пештің бәрін ажыратып тастағанбыз.
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Ақшабұлақ мұнай кенішінде электр энергиясы жоқ, мұнай кенішіндегі ұңғымалар скважиналар тоқтады дегеннен бастап біз қаладағы екі жылу орталығын мазутқа көшірдік резервтік отынға. Соның арқасында сағат кешкі 22-ден бастап таңғы сағат 8-ге дейін жеке сектордағы газ тұтынушылар газбен қамтамасыз етілді. Қазір Ақшабұлақ мұнай кенішінен 15 шаршы метр газ беріліп жатыр. Жарты сағаттың ішінде 1-ші газ зауыттан 32 тағы газ беретіндей қосылса, 45 мың шаршы метрге дейін бізге газ берілетін болады.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында мұндай күрделі жағдайдың орын алуы бірінші рет емес. Қыс маусымы басталғалы бері Ақшабұлақта екі бірдей газ өңдеу зауытының тоқтап қалуы осымен үшінші рет тіркеліп отыр. Ал қалаға газдың жеткілікті көлемде берілмей қалуы салдарынан 136 мәрте шектеу болған.
57
49
38
11
8