Хабар телеарнасы

8 облыста төтенше жағдай режимі сақталып тұр

Тасқын сумен күрес Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүріп жатыр. Су тасқыны басталғалы 111 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 39 мыңнан астамы бала. Дегенмен 82 елді мекенде көлік қатынасы үзілген. Тәулік бойы құтқару жұмыстарына 33 мыңнан аса адам тартылды. 4 мың техника, 835 су сору құрылғысы, 275 жүзу құралы, 11 авиатехника жұмылдырылды. Ал бір тәулікте 5 облыста 5,5 мыңға жуық жеке тұрғын үй су астында қалды. Ал аула саны 1 мың 600-ден асады. 9,5 миллионнан аса текше метр су сорылды. Ал Қазгидромет Алматы облысы, Шығыс Қазақстан және Абай, Ұлытау, Жамбыл облыстарында өзен сулардың тасуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Себебі күн жылып, қар еруімен қатар, жауын-шашын жаууы ықтимал.