Хабар телеарнасы

ШҚО-да тасқын қаупі жоғары

Шығыс Қазақстанда мамандар таулы аймақты әуеден барлап, мониторинг жасауды жиілетті. Өйткені қар тез еріп жатыр. Әзірге өзендердің деңгейі қалыпты. Дегенмен Марқакөлде топырақ көшкіні жүріп, «Теректі – Ұрынхай – Төсқайың» бағытындағы облыстық жолдың бір бөлігін су шайып кеткен. Соңғы екі тәуліктің ішінде трасса қайта қалпына келтірілді. Марқакөл мен Қалжыр ауылы арасындағы жол бөлігі де жөнделіп жатыр. 

Ринат Қондыбаев, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
-Марқакөл – Боран бағытындағы жолдың бір бөлігі су астында қалды. Сол маңдағы ауылға қызыл су кіріп кетпес үшін жолдың үстінен арық қазылып, судың бағыты бұрылды. Жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ал жалпы әуеден жүргізілген бақылау көрсеткіші жаман емес. Аймақтың 48% қар жатыр. Өзендерде су деңгейі шектік мөлшерге жеткен жоқ.