Хабар телеарнасы

Букмекер кеңселерінің қауымдастығы «Ойын бизнесі» заң жобасындағы өзгерістерге қарсы

Қазақстандық букмекер кеңселерінің қауымдастығы «Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы» заң жобасындағы өзгерістерге қарсы. Бүгін Мәжіліс қабырғасында аталған құжат талқыға түсті. Айтуларынша, құмар ойынға қатысу жасын 21-ден 25-ке көтеру, жастар арасында керісінше одан сайын қызығушылық тудырып, заңсыздыққа баруына сеп болуы мүмкін. «Ал мемлекет алдында қарызы барларға шектеу қою - олардың құқығын аяқ асты ету», — дейді. Депутаттардың сөзінше, азаматтардың құқығы қандай жағдайға шектелетіні Конституцияда анық жазылған. Сондықтан заңдағы өзгерістер мен толықтыруларда қайшылық жоқ.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Кейбір дамыған елдерде лото клуб, құмар ойындар деген атымен жоқ. Ал сіздерді тыңдасақ, сондай ойындарға шектеу қою салық түсімін азайтады, заңсыз ойынханаларды көбейтеді деп қара аспанды төндіріп отырсыздар. Заңды жұмыс істейтін болсаңыздар, сіздерден елге бір пайда болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда бұл белгілі бір топтың ғана мүддесі болып саналады.