Хабар телеарнасы

Алматыдағы бірқатар көше жолдары жөнделеді

Алматыда биыл қыс құбылмалы болды. Біресе жылы, біресе аяз. Ауа райының тосын мінезі ме, әлде асфальттың сапасыздығы ма әйтеуір көктем шыққалы кала көшелерінде ойдым-ойдым ойықтар көбейіп кетті. Шұңқырлардың кесірінен көліктерге зиян келіп, кептеліс те артты. Қазір әр аудан өздеріне тиесілі жолдарды жамап жатыр.

Бұл – Райымбек даңғылы мен Саин көшесінің қиылысындағы жолайырық. Жолдағы арық шөгіп, қақпақтары опырылып кеткен. Райымбек даңғылы қалаға кіретін негізгі күретамыр  болғандықтан, болмашы кедергінің өзі көліктің жүрісін тежейді. Көктем келгелі әлеуметтік желіде мұндай видеолар көбейді. Арасында көлігін зақымдап, дөңгелегін тесіп алғандар да бар.

Олжас Қазақбай, көлік жүргізуші:
- Құм төсеп қояды. Халық істей ма білмеймін. Жаңбыр жауады, оның бәрі шашылып, қайтадан одан бекер шұңқыр болады. Тесік болады.

Ағымдағы жол жөндеу жұмыстарын қазір әр аудан өзі жүргізеді. Шұңқырларды жамау сәуір айынан басталды. Құдық пен арық қақпақтары да ауыстырылады. Мысалы, Наурызбай ауданындағы 160 көшенің 45 мың шаршы метрден асатын шұңқырлары жөнделеді.

Ержан Тілендиев, Наурызбай ауданы әкімдігінің инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің бас инспекторы:
- Қазіргі таңда 9 мыңнан астам жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша 7 бригада оның ішінде 110 жұмысшы, 40 аса арнайы техника жұмылдарылған. Аудан бойынша бөлімнің мамандарымен жол тексеру жұмыстары жүргізіледі. Одан да бөлек тұрғындардың тарапынан өтініштер келіп түседі. Сол өтініштер бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Өзге жеті ауданда да шұңқырлар жамалып жатыр. Мысалы, Бостандық ауданында 100-ге жуық көшедегі ойықтар дұрысталады. «Қала тұрғындары уақытша қолайсыздыққа көнуге дайын, тек жолымыз жақсы болса екен», - дейді.

Талант Әбікен, көлік жүргізуші:
- Иә, қыс біткелі шұңқырлар көп. Енді жөнделіп жатыр. Көбінесе шұңқыр ұстап қаламыз баллонымызды жарып. Әрине, кері әсерін тигізеді. Енді бұйырса жөнделеді деген ойдамыз.

Алматылықтар енді көшедегі шұңқырларды Almaty_Joly телеграм боты арқылы хабарлай алады. Ол үшін ойықтың суреті, мекенжайын жазып жіберсе жеткілікті.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов