Хабар телеарнасы

Түркістан облысында 28 мың көшет егілді

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы ең көп ағаш Созақ ауданында отырғызылды. Мұнда соңғы 3 аптада 28 мың түп көшет егілген. Созақ өңірі топырағы шөлейтті, ауа райы қолайсыз келеді. Ағын су тапшы болғандықтан жасыл-желек те аз. Оның үстіне экологиялық аймаққа кіреді. Жергілікті билік бұл мәселені аймақты көгалдандыру арқылы шешуге болатынын айтады. Қазір аудандағы барлық ауылдар мен елді мекендерде жаппай ағаш егу науқаны жүріп жатыр. Түркістанға қарай үлкен жолдың бойына 6 мың түп қарағаш егіліп, 3 шақырым қоршау орнатылды. Шараға мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары да атсалысып жатыр. Олар тек көшет отырғызып қана қоймай, көшелерді күл-қоқыстан тазартып, аулаларды ретке келтіріп, қураған ағашты қырқып жатыр.

Мұхит Тұрысбеков, аудан әкімі:
-Барлық жерде ағаш егу, әктеп, сырлау, тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші ауламыз, көшеміз, ауылымыз, ауданымыз таза болуы тиіс. Сол жөнінде жұмыстар жүргізуіміз керек. Бәріміз бірігіп жұмыс істеген кезде ғана біздің еліміз таза болады.