Хабар телеарнасы

Алматыдағы автобус апаты: сотталушыға қатысты үкім шықты

Алматыда үш адам қаза тауып, бірнеше жолаушы жарақат алған автобус апатына себепкер болған жолаушыға үкім шықты.  Сот Дархан Ахметжановты айыпты деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал қоғамдық көлікті тізгіндеген Ермек Шөкебаева мен автопарктің материалдық, моральдық шығын туралы талабы қанағаттандырылмады..

Жолақысына бола шыққан даудың соңғы нүктесі қойылды. Дархан Ахметжанов Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлімі, 351-бапты 1-бөлімі бойыншы кінәлі деп танылды. Енді 8 жыл өмірін қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде өткізеді. Оған қоса моральдық және материалдық шығынды өтеуі тиіс.   

Тәкен Шәкіров, судья:
- Жәбірленуші Құсайынова Айнұрдың пайдасына 6 млн 397 мың теңге материалдық шығын, 5 млн теңге моральдық шығын. 250 мың теңге қорғауға кеткен шығын өндірілсін. Жәбірленуші Байдуалиев Ерасыл, Талап Кулиевтың пайдасына 10 млн теңге моральдық шығын өндірілсін.

Сотталушы Дархан Ахметжанов соңғы сөзінде «Бұзақылық» туралы айыбын мойындайтынын ғана айтты. Ал «Көліктің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қағидаларды бұзу, оның ішінде екі немесе одан да көп адамның өліміне соқтырған әрекет» туралы айыпқа қарсы екенін жеткізді. Сөз соңында қара жамылған отбасылардан кешірім сұрады.

Дархан Ахметжанов, сотталушы:
- Қаза болған отбасылардан кешірім сұрағым келеді. Арты қайырлы болсын. Түсінемін, сіздерге өте ауыр, сіздермен бірге менің де жүрегім ауырады. Қайғыларыңызға ортақпын. Мені кінәлі деп танып жатсаңыздар, кешірулеріңізді сұраймын шын жүректен. Жарақат алған адамдардан да кешірім сұраймын адамдық тұрғыдан.

Еске сала кетейік, қайғылы жағдай былтыр 22 желтоқсанда орын алды. Дархан Ахметжанов 47-ші автобусты тізгіндеген Ермек Шөкебаевамен жолақысы үшін сөзге келіп, екі рет жағынан ұрған. Салдарынан Ермек Шөкебаева есінен танып, тізгінсіз автобус жол шетіндегі 3 жолаушыны жаншып, өзге көліктерге соқтығысты.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев