Хабар телеарнасы

Мәскеудегі лаңкестік: құрбандар саны өсті

Мәскеудегі қазіргі ахуал қандай? «Крокус Сити Холл» ғимаратында болған қанды қырғында қаза тапқандар саны 182-ге жетті. Оқиға орнында 137 адамның денесі табылған. Оның үшеуі бала. Еске салсақ, 22 наурызда Мәскеудегі ең үлкен концерттік залда қарулы топ оқ жаудырып, бейбіт адамдар қаза тапқан. Сонан соң адам толы ғимаратқа өрт қойған. Осы оқиғаға байланысты төрт күдікті мен оларға көмектескендер қамауға алынды.

Мәскеудің Басманный соты төрт күдіктіні 22 мамырға дейін қамауға алды. Оларға лаңкестік әрекет жасады деген айып тағылды. Күдіктілердің біреуі сот ғимаратына жедел жәрдем көлігімен ес-түссіз күйде жеткізілді. Тергеу мәліметтері бойынша ұсталғандардан Тәжікстан азаматтарының төлқұжаттары мен қару-жарақ табылған.

Светлана Петренко, РФ тергеу комитетінің ресми өкілі:
-Қайғылы оқиға орнынан 4 жауынгерлік амуниция, 500-ден астам оқ-дәрі, 2 Калашников автоматы тәркіленді. Күдіктілерді Брянск облысында ұстау кезінде «Рено» автокөлігінен Макаров тапаншасы мен Калашников автоматының дүкені табылды.

Жергілікті сауда орталықтары күзетшілерге атыс қаруын беруге рұқсат етілуін сұрады. Себебі шабуыл кезінде «Крокус Сити Холл» күзетшілері лаңкестерге төтеп бере алмаған.

Араз Агаларов, Crocus group президенті:
-Бір күзетші қаза тапты, екіншісі жараланды, бұлар тіпті күзетші де емес, біз оларды бақылаушылар дейміз.

Crocus group желісінің барлық сауда және ойын-сауық кешендері уақытша жабылды. Сарапшылар теракт салдарынан келтірілген материалдық шығынды шамамен 10 миллиард рубльге бағалап отыр. Ал өткен демалыс күндері бұқаралық шараларды ұйымдастырушылардың шығыны 4 миллиард рубльге дейін жетуі мүмкін. Мамандар оқиға орнында тексеру және қаза тапқандарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Лаңкестік әрекетке жауап ретінде Ресейде бірқатар заңдарға өзгеріс енгізілуі мүмкін. Өлім жазасына мораторийді алып тастау туралы сөз қозғалды. Жалпы Ресей президенті азаматтарға арнаған үндеуінде лаңкестердің «ұлты жоқ және ұлты болуы мүмкін емес» дегеніне қарамастан саясаткерлер мигранттарға қатысты заңдарды қатаңдатуды талап етіп отыр.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров