Хабар телеарнасы

Су тасқыны: Петропавлда 100 үйдің құрылысы басталды

Петропавлда көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға алғашқы 100 үй салына бастады. Олар қала шетіндегі су баспайтын ықшамауданда бой көтереді. Әрқайсының аумағы 80 шаршы метр.

Құрылыс барысымен Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев танысты. Ол мердігер ұйым өкілдерімен сөйлесіп, жұмысты тез әрі сапалы жүргізу керектігін тапсырды. Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары, қаладағы су басқан аймақтарды аралап, уақытша тұру орындарына жайғастырылған халықпен кездесті.

Қазір облыс бойынша 2,5 мыңға жуық адам 100 айлық есептік көрсеткіші көлемінде біржолғы төлем алып үлгерді. Өңірде 4 мыңға жуық үйді су басқан.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Бағалаудан кейін комиссиялар көрсе, содан кейін нақты шешім шығарса, осы мысалы, үй жарамсыз болып жатыр, әрі қарай пайдалануға болмайды десе, онда сол үйдің иелеріне жаңадан үй саламыз немесе жаңадан үй сатып аламыз немесе пәтер сатып алатын боламыз.