Хабар телеарнасы

Биыл соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасы болмайды

Биыл мектептерде соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасы болмайды.

Тек 25 мамыр күні жылды қорытындылау үшін сынып сағаттары өткізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы мәлімдеді. Бұған дейін ведомство сынып сағаты 24 мамырда өтеді, деп өз сайттарында хабарлаған еді.

Аттестаттарды тапсыру және «Алтын белгімен» марапаттау барлық емтихандар аяқталғаннан кейін 12-15 маусым аралығына жоспарланған. Ал су басқан аймақтардағы балалардың оқуы қалай болып жатыр?

Мереке Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі:
- 120 мыңнан астам оқушы қашықтықтан оқу форматына көшірілді. Бүгінде бұрын эвакуациялық пунктерде болған 5 мыңға жуық бала келесі нысандарда оқу процесін аяқтауда. Балаларды сауықтыру орталықтарында 600-ге жуық оқушы, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақхаларында 2 мыңға жуық бала. Республикалық маңыздағы мектеп-лицейлердің интернаттарында 600-ге жуық бала орналастырылды.