Хабар телеарнасы

АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 33%-ке артты

АҚШ көптеген жаһандық мәселелерде Қазақстанның жетекшілігін мойындады. Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесу барысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдеді. Тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің дамуын талқылады.

Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында кейінгі бір жылда тауар айналымы 33%-ке өсіп, 4 млрд долларға жетті. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі реформаларының іске асуына Вашингтон барынша қолдау көрсетуге дайын деп атап өтті. Тараптар С5+1 диалогын кеңейту және былтыр Нью-Йоркте өткен осы форматтағы бірінші Саммиттің келісімдерін орындау мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ Мұрат Нұртілеу АҚШ Сауда өкілі Кэтрин Таймен келіссөздер жүргізді. Тараптар екіжақты және көпжақты форматта негізгі мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға келісті.