Хабар телеарнасы

Тасқыннан келген шығын қалай өтеледі?

Батыс Қазақстан облысында 600-ге жуық үй су астында қалды. Қырдағы қар суына қоса Шыңғырлау өзені тасып, Бөрлі ауданында 5 ауылды су басты. Қазір табиғи апаттың зардабы анықталып, шығын есептеліп жатыр. 190 өтініш түскен, оның 165-не техникалық тексеру жүргізілген. Аудандық комиссия үйлердің жарамдылығын анықтағаннан кейін бағалау компаниясы іске кіріседі. Дүние-мүлік шығыны нақтыланады. Сондай-ақ, ауданда 167 отбасына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы материалдық жәрдем берілген.

Гүләйхан Атаулина, Ақсу ауылының тұрғыны:

-Комиссия келіп кетті. Екі жігіт фотоға түсіріп кетті. 15 күн ішінде шешімі шығады дейді. 15 күн бойы үйді қозғамай отырыңдар деп. Алғалы ремонт жасап келе жатырмыз ғой осы үйге. Бәрі зая кетіп қалды ғой, барлығы жарамсыз, техника да жарамсыз.

Мұхтар Нұрмақов, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта бағалау жұмыстарын жүргізетін компаниялармен келісімшартқа отырдық. Техникалық байқау жұмыстарынан кейін бағалау жұмыстарын жүргіземіз. Соның бағалау қорытындысына сәйкес, заңға сәйкес тиісті көмектер көрсетілетін болады.