Хабар телеарнасы

Қайрат Тастекеев: Барлық зардап шеккендерге толықтай өтемақы төленеді

Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндері көзіміз жетті. Мемлекет басшысы атап өткендей, ел үшін қиын шақта халық ортақ істен шет қалмай, жұдырықтай жұмылды. Тек этномәдени бірлестіктердің ұйытқы болуымен 12 мыңға жуық адам қайырымдылық жұмыстарына атсалысты. 1,5 мың тоннадай гуманитарлық көмек жолдап, 770 млн теңгеден аса қаржы аударды. Сенаторлар бұл жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, әрі қарай да ешбір жан қолдаусыз қалмайтынын айтты. 

Қайрат Тастекеев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Волонтёрлар бар, кәсіпкерлер бар, барлығы бірігіп, осы зардап шеккен азаматтарға қол ұшын созып жатыр. Зардап шеккен ауылдар бар, қираған үйлер бар. Оның бәрі қалпына келтіріледі. Барлық зардап шеккендерге толықтай өтемақысы төленеді.

Президент айтқан 5 кесел. Нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдық және вандализммен күресеміз десек, ең әуелі, ұлттық болмысымызға мән берген жөн. Сенатор Әлішер Сатыбалдиев бұған дейін құрылтайда айтылған жалпыұлттық доктринаны қолдауға шақырды. «Ол тек ұлттық идеологиямызды берік қалыптастырған жағдайда ғана сырттан келетін ықпал мен қатігездіктен арылуға болады»,— деп есептейді. 

Әлішер Сатыбалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Бүгінгі таңда енді көріп отырмыз, геосаяси ахуал бар, еліміздің бірлігін, ынтымақты, тұрақтылықты көре алмайтын, алауыздықты туғызуға әрекет жасап отырған азаматтар бар. Солардың барлығына қарсы тұруға иммунитет пайда болуына әрекет жасауымыз керек. Сонымен бір қатарда вандализм, қоршаған ортаға кесір тигізбеу, керісінше күтіп баптау мәселелері бойынша әрбір азамат өзінің жеке позициясын қою керек. Соған тырысу керек.