Хабар телеарнасы

Ақтауда «Маңғыстау артефактілері археологиялық деректерде» атты көрме өтті

Көпшілік назарына облыстық музей, тарихи-мәдени қорығы және «Отпан» қорынан алынған құнды жәдігерлер ұсынылды. Ежелгі күнтізбе, алтынмен апталған ат әбзелдері, қыштан жасалған ыдыс-аяқ, балбал тас сынды артефактілер сонау тас дәуірінен бастап қолданылған деген болжам бар. Жәдігерлердің кейбірі Қызылқала қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Арасында ескерткіштер де бар.

Бақытжан Құдайбергенұлы, облыстық музейдің бөлім меңгерушісі:
-Бұл жердегі ең бір керемет дүние - инолит кезеңіне тиесілі Қосқұдық-1 тұрағынан табылған күнтізбе. Күнтізбе дегенде бірден аспалы бағы бар Вавильонды немесе Египетті айтамыз. Мысыр елін. Бірақ қазақ даласында да өркениет болған. Біздің заманымызға дейінгі үшінші мыңжылдықтың өзінде біздің Маңғыстаудың байырғы тұрғындары айдың және күннің шығуымен есептей отырып, алғашқы күнтізбені жасаған екен.