Хабар телеарнасы

Алматы облысында «Арақсыз ауыл» жобасы жүзеге аса бастады

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылында «Арақсыз ауыл» жобасы жүзеге аса бастады. Бұл игі істі аудандық ардагерлер мен аналар кеңесі мүшелері және Ішкі істер басқармасы бірлесіп қолға алған. Өйткені еліміз бойынша жасалған қылмыcтың үштен бірі ащы су салдарынан болған.

Бұл бастаманы ауыл тұрғындары тегіс қолдады. Сауда-саттықпен айналысатын Ақши елді мекеніндегі кәсіпкерлер де алкоголь өнімін сатудан бас тартып жатыр.

Ертіс Тоқтаров, Іле аудандық полиция басқармасының бастығы:
- Бауыржан атамыз айтқан «тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сияқты осы елімізде, жерімізде, ауылдық жерлерімізде тек қана тыныштығын сақтап, қылмыстың алдын алу мақсатында, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында жобаны іске асырудамыз.

Гүлмира Керімбекова, сатушы:
- «Арақсыз ауыл» жобасын қолдаймын. Негізі өте дұрыс деп ойлаймын. Біздің магазинде арақ сатылмайды. Біз тек қана шұбат, өте пайдалы өнімдер сатамыз.