Хабар телеарнасы

СҚО-да бүлінген мүлікті бағалау басталды. Өңір жаңалықтары

Еліміздің батысы мен солтүстігінде қарғын судан жапа шегіп, үй-күйсіз қалғандардың шығындары өтеле бастады. Қазір су басқан аймақтарда келтірілген шығындарды есептеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Шығындардың толық көлемін, су кепкен соң айтуға болар. Бірақ алғашқы болып өтемақы алып жатқандар да жоқ емес.

Ал шығыста жағдай тұрақсыз болып тұр. Таудағы қар еріп, аймақты әбігерге салып отыр.

Батыс Қазақстан облысында тілсіз жаудан зардап шеккен 1490 отбасына 547 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Облыстық бюджеттің резервінен мал шығынын өтеуге 187 млн теңге бөлінген. Су тасқыны кезінде өңірде 2343 бас мал өлген еді. Сондай-ақ көктемде 1292 үйді су басса, бүгінге дейін 1150 үйде техникалық тексеріс жүргізілді. иНәтижесінде 395 үйдің әрі қарай тұруға жарамсыз екені анықталған. Қазір мердігер компаниялар белгіленіп, құрылысқа дайындық басталды. Қажетті қаржы «Қазақстан халқына» қорынан және облыстағы жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялардың есебінен бөлінбек. Келген шығынның нақты мөлшері су тасқыны аяқталған соң анықталмақ. Өйткені қазір қала айналасындағы саяжайлардың көбі әлі де су астында.

Тілепберген Қаюпов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, геология және топо-түсірілім жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде басты мақсат
келесі жылда да осындай су басу аймақтарында төмен орналасқан тұрғын үйлер қайтып шығынға ұшырамас үшін сол елді мекен аймағынан биік жерлер таңдалып, инженерлік желілер тартылатын болады.

Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында көктемгі тасқыннан бүлінген мүлікті бағалау басталды. Аудан орталығында 200-ге жуық үйді су басқан. Қазір оларды тәуелсіз сарапшылар аралап, шығын көлемін есептеп жатыр. Оның қорытындысы бір аптаның ішінде дайын болады. Кейін құжаттарды аудандық комиссия мүшелері қарап, тұрғындарға өтемақы төленеді. Ал үй тұруға жарамсыз болса, техникалық сараптама жасалады. Жалпы облыс бойынша 3 мыңнан астам үйді су басқан.

Ал Шығыс Қазақстанда қарғын суға қарсы қам күшейді. Атқарушы орган өкілдері мен құтқарушылар әуеден барлау жасап, жағдайды бақылап жүр. Шалғай ауыл-аймақта да қарбалас. Мәселен, Күршім ауданында ең қауіпті деген 7 жерге бөгет салынып жатыр. Бөгеттер 9 мыңнан аса халқы бар 7 ауылды қызыл судан қорғауы тиіс. Жергілікті мамандардың айтуынша, мұнда тау арасындағы қар енді ғана ери бастады. Сондықтан Қалғұтты мен Күршім өзендері ернеуінен асуы әбден ықтимал. Оның үстіне маусым айына дейін су тасу қаупі жоғары.

Данияр Қалиев, AMANAT партиясы Күршім аудандық филиалының төрағасы:
- Бірлік  ауылының  маңы, бұл жерде 7 дамбаның бірі, дамбаның  ұзындығы 760 метр, биіктігі шамамен 3,5-4метр, қалған дамбалар да осы секілді 500-800метрге  дейін барады, барлық су тасқынының алдын алу жұмыстары толықтай бір апта көлемінде аяқталатын болады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткендей, қарғын судың салдары өтеусіз қалмайды»,- дейді шенеуніктер.

Аймақтағы тілшілердің көмегімен Алуа Маханбет