Хабар телеарнасы

Егіс науқаны кеш басталды

Атырау облысында көктемгі дала жұмыстары 2 аптаға кеш басталды. Биыл 10800 гектар алқапқа бау-бақша және көкөніс түрлері егілуі тиіс. Тасқын қайта күшейсе, қыруар еңбек зая кетпек. Сондықтан егіншілер алдымен бөгет тұрғызып, енді ғана байырғы кәсіптерін қолға алып жатыр.

Айдос Байниязов, агроном:
-Бұдан 15 күн бұрын егуіміз керек еді. Қазір жай қалдық, қызанақ, тәтті бұрыш егеміз, одан соң 1 гектардан баклажан, қырыққабат, сәбіз, пияз ектік. Үстін жабатынымыз салқыннан қорғайды, сосын көктемнің желінен қорғайды. Күн райы 17 градус болмаса, егінге бәрібір салқын болады.

Азат Қапанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы
-Қазіргі таңда жыртылмаған 200 гектар қалды. Шаруашылықтар судың деңгейін күтіп отыр. Көлем кемімейді, сол бекітілген көлемге сәйкес жұмыстары атқарылатын болады.

Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны уақытында басталады. Яғни дала жұмыстарына тасқын кедергісін келтірген жоқ. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, диқандар 5 миллион 300 мың гектардан астам жерді игеруді көздеп отыр. Оның 90% астық себіледі. Жеңілдетілген бағада 80 мың тонна жанар-жағармай бөлінген. 530 мың тонна тұқым қоры дайындалған.