Хабар телеарнасы

Бішкекте еркін күрес шеберлері боз кілемге шықты

Қазақстан қоржынындағы жолдама санын палуандар да арттырады деген үміт басым.

Бішкекте еркін күрес шеберлері боз кілемге шықты. 57 келідегі Ерасыл Мұхтарұлы үндістандық Аман Аманнан ойсырай ұтылып, лицензиялық турнир біздер үшін сәтсіз басталды. Одан кейін 65 келідегі жерлесіміз Майис Алиевтің күресіне көз тіктік. Алдымен палестиналық Асафты бет қаратпай ұтқан Алиев ширек финалды да ширақ бастаған еді. Бірақ тәжірибенің жоқтығынан қытайлық қарсыласына есе жіберіп қойды.

Біз үкілеген палуандардың бірі Нұрқожа Қайпанов болатын. Әлемнің күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы деген дардай атағы бар Нұрқожа Филиппин өкілі Афанды қиналмай жеңді. Одан кейін пәкістандық Мұхаммад Уллахтың да жауырынын жерге жапсырып, жартылай финалға жолдама алды. 97 келідегі Әлішер Ерғали жарысты ширек финалдан бастады. Қателік жіберсе, Ризабектің алақан ысып отырғанын жақсы білетін Әлішер бірден тізгінді қолға алып, кілем иесі Андрей Ароновты айқын басымдылықпен ұтты.

Ауыр салмақтағы Юсуп Батымұрзаевтың да аяқ алысы жаман емес. Алдымен пәкістандық Анварды сан соқтырған жерлесіміз ширек финалда қырғыз палуаны Айаал Лазаревтен де айласын асырды. Осылайша үш бірдей спортшымыздың жолдама алатын мүмкіндігі бар.