Хабар телеарнасы

Бишімбаев ісі: күдіктінің ұялы телефоны тексерілді

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот ісінің бүгін 14-ші ашық процесі өтті. Сотталушы ұялы телефонының бұған дейін жасырып келген құпиясөзін айтты. Яғни бүгін айғақтардың бірі саналатын күдіктінің ұялы телефоны тексерілді. Прокурордың өтініші бойынша барлығы әділетті болуы үшін телефонды судьяның өзі ашып көрді. Судья Күлбаева күдіктінің соңғы бейнежазбаларын көрсетті. Бейнежазбада Қуандық Бишімбаев 9-шы қараша күні таңертең Салтанат Нүкеноваға сұрақтар қойып, оған жауап алғаны естіледі. Бейнежазба жәбірленуші мен айыпталушы тарап пен алқабилерге көрсетілді. Осы ретте Нүкенованың ағасы бейнежазбада зорлық-зомбылық көріністері болғандықтан, оның көпшілікке тарап кетпеуін өтінді. Айта кету керек, бүгінгі сот отырысына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қайта кіргізілді.